2021 жылғы 15 қантар күні аудандық Мәслихаттың жетінші шақырылымдағы І-ші сессиясы өтті. Сессияны аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Р.Казимов ашты. Депутаттар сессиясының жұмыс органдары редакциялық, есеп-санақ комиссиялары және хатшысын сайлады.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Р.Казимов жалпы сайлау туралы және аудандық Мәслихат депутаттарын сайлаудың қорынтындылары туралы хабарлама жасады, сайланған 12 депутаттың ішінде, 10-ны «Nur Otan» партиясы, 1 «Ауыл», 1 «ADAL» партиялары мандатқа ие болды. Депутаттарға куәліктермен белгілері салтанатты түрде табыс етілді. Аудандық Мәслихаттың сайлау комиссиясының хабарламасы назарға алынды. Депутаттар бірінші сессияға ұсынылған аудандық Мәслихат хатшысын сайлау, аудандық Мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру мен олардың төрағаларын сайлау және бірінші сессиясының төрағасын сайлау туралы күн тәртібін , өту тәртібі мен уақытша жұмыс регламентін бекітті.
Сессияның жұмысын одан әрі аудандық Мәслихат депутаты Сәулет Рымбеков жүргізіп отырды.
Аудандық Мәслихаттың I – ші сессиясының күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық Мәслихат хатшылығына депутат Қуат Анасұлы Имантүсіповтың кандидатурасы ұсынылды. Сайлау қорытындысы бойынша аудандық Мәслихат хатшысы болып бірауыздан Қуат Анасұлы Имантүсіпов сайланды.
Сессия аудандық Мәслихаттың бюджет және аймақтық саясат пен халықты әлеуметтік қорғау және заңдылық жөніндегі екі тұрақты комиссиясының құрамын бекітіп, олардың төрағасын сайлады. Бюджет және аймақтық саясат жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып депутат Молдабаев Оралбай Насенұлы, халықты әлеуметтік қорғау және заңдылық жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Бекежанова Бағдат Шәкарбайқызы сайланды.Сессияда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының қаулысы негізінде «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы партия тобы тіркелді. Аудандық Мәслихаттың келесі II–ші сессиясының төрағалығына депутат Рахманқұлова Әлия Сахытқызы сайланды.
Депутаттар алдында аудан әкімі Ю.А.Бекқожин аудандық Мәслихат депутаттарын жаңадан сайлануымен және жетінші шақырылған I – ші сессияның басталуымен құттықтап, келешекте де ауданды әлеуметтік – экономикалық дамыту жолында өкілді және атқарушы органдардың бірлесе жұмыс атқаратынына сенім білдіре отырып, депутаттар жұмысына жемісті еңбек тіледі.
Аудандық мәслихат аппараты